Аңдатпа
Мақалада статистикалық мәліметтер бойынша 2024 - 2025 жылдардағы Қазақстандағы сандық жарнаманың дамуына кешенді талдау жүргізілді және оның тұтынушылардың мінез-құлқына әсері бағаланды. 2025 жылғы әлемдік және қазақстандық цифрлық жарнама трендтерін салыстыру Қазақстанның жарнама нарығында сандық құралдардың қарқынды қолданыста екенін көрсетті. Ғылыми мақалада жаһандық сандық маркетинг үрдістері, Қазақстанның жарнама нарығының қазіргі даму жағдайы, тұтынушылардың мінез-құлқының өзгеруі, онлайн жарнама мен жасанды интеллектіге деген сенімі және әлеуметтік медиа мен мобильді қосымшалардың рөлін қарастыру барысында SWOT - талдау жасалды. Зерттеу үшін «Mediainsider» жарнамалық коммуникация агенттігінің Қазақстанның әртүрлі қалаларына онлайн жүргізген сұхбат нәтижелері қолданылды. Сандық жарнама өнімділігінің көрсеткіштерін талдау заманауи жарнама құралдарын пайдалану компанияларға аудиторияның қажеттіліктерін дәлірек анықтауға, тұтынушылардың мінез-құлқындағы өзгерістерді анықтауға және маркетингтік стратегияларды оңтайландыруға мүмкіндік беретінін көрсетті. Дегенмен, зерттеу барысында технологиялық жетістіктерге қарамастан, компаниялар әрқашан мақсатты аудиториясын дәл анықтамауы, қате таңдалған нысанға көзделген жарнамалар өнімге қызығушылық танытпайтын пайдаланушыларға көрсетілуі, сандық кеңістіктегі қарқынды бәсекелестік, онлайн жарнама шығындарының өсуі және компаниялардың Google Ads сияқты халықаралық жарнама платформаларына тәуелді болуы сияқты қиындықтары бары анықталды.